С. Қондыбай шығармашылығы

Қондыбай Серікбол Әділбекұлы 1968 жылы 14 наурызда Маңғыстау облысының қазіргі Құрық кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келді. 1969 жылдан бастап Шетпе кентінде тұрып, осы жерде №3 орта мектептің табалдырығын аттайды.

Жетінші сыныпты үздік бітірген Серікбол оқу озаты ретінде халықаралық «Артек» пионер лагеріне барады. Дүниежүзінің өзімен қатар балаларымен кездесу, танысу, оның әлем елдеріне деген қызығушылығын арттырды. Мектеп қабырғасында орыс тілі, математика, химия, география т.б. пәндерден аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, бірнеше дүркін жеңімпаз атанды. Он жылдықты бітіріп, 1986 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің география факультетіне түсіп, осы жылы өзге студенттер сияқты Желтоқсан көтерілісіне қатысады. Абақтыда 10 күн жатып, университет ұжымының қорғауымен оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. 1991 жылы университетті «геоморфолог» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Отбасы жағдайына байланысты ұсынған Қазақстан Ғылым Академиясының География институтындағы орнынан бас тартып, ауылға қайтуға тура келеді. Университеттен кейін Маңғыстау облыстық Маңғыстау-Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология басқармасында маман, одан кейін 1995 жылы жозықсыз апатқа тап болғанша өзі оқыған №3 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.

1995 жылы апатқа ұшырап, жұлын жүйесінің зақымдануына байланысты арбаға таңылып, І топтағы мүгедек болып қалады. Бірақ екі қол мен бас амандығының арқасында екпетінен жатып әмбебап бағыттағы кешенді тақырыптық зерттеулермен, негізінен теориялық мәселелермен айналысып, көзі тірісінде 10 кітабы жарық көрді. Өзі өмірден озғаннан кейінгі жылдары өзі дайындап кеткен 7 кітабы («Маңғыстау-нама», «Казахская мифология», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Жауынгерлік рух кітабы», «Маңғыстаудың жер-су атаулары», «Медет шежіресі», «Алпамыс ғаламы») мен аудармалық жұмысы – М.Элиаденің «Аспекты мифа» еңбегінен үзінділер болып шығарылды. Бүгінгі таңда ғалымның соңында қалған мол қоры, қолжазбалық материалдар зерттелу үстінде.

Аз ғұмырында 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған мерекелік медальмен, 2004 жылы Президенттік сыйлықпен марапатталды.

2004 жылдың 24 тамызында 36 жасында таңқаларлық еңбек жасаған адамзат – Серікбол Қондыбай аманат-жанын Алласына тапсырды.