«Қамажай» атты мақала

Серікбол Қондыбайдың бүкіл республикаға танымал болуына себепші, газеттерге жарияланған ғылыми мақалалары болатын. Соның бірі «Алтын Орда» газетінің 2003 жылдың 25 шілдесіндегі санына шыққан «Қамажай» атты мақаласы еді.

Қамажай

(Қазақы бидің мыңжылдық болмысы)

Дәстүрлі энциклопедиялық анықтамаға жүгінсек, би – музыка немесе ырғаққа сай дене қимылымен көркем тұрпат жасайтын өнер, халық шығармашылығының ежелгі түрлерінің бірі. Адамның күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, өзін қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері бидің қимыл-қозғалыстары мен ишараларына негіз болды. Бұл – кеңес дәуірінің идеологиялық талаптарына сай берілген анықтама, сондықтан би астарында ежелгі ғұрыптық, рәсімдік әрекеттердің мифсізденуі процесі жатуы да мүмкіндігінің бар екендігін де айта аламыз.
«Қамажай» - ежелгі мифтік келтірім-түсінікті қалпына келтіруге мүмкіндік бере алатын сөз, өйткені біздің топшылауымыз бойынша, осы сөздің астарында қазақ халқының бес мың жыл бұрынғы тарихи болмысының бір сәті, мезеті сақталып қалған. Осы бидің қозғалысының негізгі де ежелгі жылан культінде жатқан сияқты көрінеді. Мәселен, қыздың, келіншектің биін алып қарайықшы. Мұнда ең алдымен қолдардың қимылы негізгі рөл атқарады. Бұл – қазақтың қыздарының биін басқа халықтардікінен ерекшеленіп тұратын көрініс. Биші қыз өзінің денесін екі жаққа кезек-кезек бұра отырып та, денесін шалқайыңқыратып та қолдарын құдды бір жыландарша ирелеңдетеді. Бишінің дене қозғалысы да жылан қозғалысын елестетеді.
Қазақ биінде де, үнді биінде де ең басты мазмұн қолдың, саусақтың қозғалыстарына берілген. Тек үнді биі, жер бетіндегі халықтар арасындағы ең дамыған би дәстүрлерінің қатарына жататын болғандықтан, аяқ арқылы көрсетілетін элементтерін де жақсы дамыта алған, әрі бидің қозғалыс элементтері өте тез, жылдам ауысып отыратын қатаң ырғақты (ритмді) музыкаға негізделген. Ал қазақ биінде ырғақ бар, бірақ оның қозғалыс элементтері тым созылыңқы болғандықтан ырғақ, өзгеруі көзге байқала бермейді.
«Қамажай» сөзі үш компоненттен тұрады, біріншісі – «қам», екіншісі – «ажа» (жылан, баба, әже), үшіншісі – «айы» (мифтік кейіпкерлер категориясы), соңғы компонент (-ай, -айы) кейінгі орта ғасырларда жалғанған. Қам –ажа, біз бұл сөзден Жылан – бабаға (ажаға) қатысы бар белгісіз «Қам» есімін көріп тұрмыз. Оның мағынасын түсіну үшін жанама қисындарға сүйенуге тура келеді.
Бірінші жанама қисын бойынша, Қам – көне түрік дәстүрлеріндегі бақсының (шаманның) атауы. Махмұт Қашғари сөздігіндегі «қам» сөзі «балгер», емші, шаман» деп аударылыпты. (МҚ.3-218). Сиуңнулар (хуннулар) да «қам» сөзін қолданып, бас бақсыны – «ата қам», екініші бақсыны – «ас қам» деген көрінеді, бүгінгі саяндық түріктер (тувалар) күшті бақсыларын «ұлұғ қам» деп атап келеді екен. «Шаман» сөзі де, эвенк тіліндегі «саман» («естен тана буырқану, булығу» дегенді білдіретін), нивх тіліндегі «чам» сөзі де түрік тіліндегі «қам» сөзімен түбірлес (Б.Абылқасымов. Телқоңыр қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклор. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993. 90-б) Бұдан шығатын «қам» сөзінің мағынасы да дәлме-дәл «естен тана буырқану, булығу» болып аударылғанымен, соған жақын келетін экстатикалық қимыл-қозғалысты білдіруі тиіс (орыс тіліндегі бақсының ойынын «камлание» деуі де тегіннен тегін емес). Яғни «қам» сөзінің де, бақсылыққа қатысты болғанына қарамастан ( бұл сөз о баста бақсылыққа емес, абыздыққа қатысты болуы мүмкін), оның ар жағында ежелгі ғұрыптық «арғы би» деп атауға болатын қимыл-қозғалыс элементтерінің жүйесі жатыр деуге негіз бар.
Қам – тарихи әдебиетте, әдетте, еркек кіндікті бақсы (шаман) деп түсінілетін кейіпкер, дегенмен матриархат заманында және матриархаттық қатынастардың сарқындары ұзақ сақталған кейінгі қоғамдарда «қам» деп еркек бақсыларды емес, о баста әйел абыздарды (бақсыларды) атағандығын жоққа шығаруға болмас; осыны айғақтайтын тарихи жазба деректер жоқ болғанның өзінде бақсылықтың даму логикасы нақ осындай мүмкіндіктің болатындығын көрсетеді.
Қортындылай келе айтарымыз, Қам – ежелгі дейтүріктердің (арғықазақтардың) мифологиялық дәстүріндегі жылан (мүйізді жылан, мүйізді қанатты жылан немесе айдаһар) кейіпінде суреттелген ұрғашы тәңіриелердің біреуінің немесе тіршілікті жаратушы ұлы Ананың (Бабаның, Жылан бабаның) есімі болған. Ол кейіннен заманына қарай «Қам –ажа» (Қам –әже, мұндағы «әже» сөзі алғашқыда «жылан баба дегенді білдірген), «Қамажа – айы» (Қамажай) деп аталды. Оның жыланша ирелеңдеген кейпі мен қимыл-қозғалысы бидің негізін құрады, қазақ тіліндегі «қамажай», «қамшы» сөздері де көненің көзі ретінде бүгінгі күнге дейін жетті. Іс-жүзінде сол өткен замандардағы Қам әжеміздің (жылан, қанатты болғандықтан құс кейіпіндегі) көзге елестетілген қозғалыстарын немесе сол әжеміздің культінің қызметшісі болған әйел абыздың қозғалыстарын қайталап, өткен уақыттың ғұрып архетипін жеткізіп отыр.
Қамажай биі – іс жүзінде қазақта сақталған жалғыз би. Әрине, басқа билерде бер, бірақ осы бидің орны бөлек, қарапайымдылығына қарамастан оның бірнеше мыңдық ақпаратты бойына сақтап отыруы осы «жалғызымыздың» құнының, бағасының, қазақ үшін дүниедегі басқа халықтардың барлық билерін қосқандағасынан артық, қымбат болатындығын, болуы тиіс екендігін еске салғымыз келеді. 

Жарияланған күні: 0 Оқылған саны: 158




7 маусым 2017

7 маусым тәжірибе алмасу

2 маусым 2017

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Әлемнің сәні - балалар" атты шара болып өтті.

20 мамыр 2017

18мамыр күні МОМБ "Мемориалдық мұражайында" "музей түні" болып өтті.

19 мамыр 2017

Музейіміздің қос маманы күні

30 сәуір 2017

Серікбол әлемі атты конференция

16 сәуір 2017

14 сәуірде Мемориалдық музей және Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығымен бірігіп "Маңғыстау - Серікбол көзімен" атты оқушылар арасындағы аудандық зияткерлік сайысы болып өтті.

25 наурыз 2017

Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

31 желтоқсан 2016

Жаңа 2017 жыл құтты болсын!

14 желтоқсан 2016

Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік

7 желтоқсан 2016

Әлеуметтік кәсіпкерлік- экономиканың үшінші секторының дамуының жаңа баспалдағы

23 қараша 2016

2016 жылы С.Қондыбай шығармашылығы бағытында өткен шаралар

21 қазан 2016

С.Қондабай музейінің алғашқы қадамдары

27 қыркүйек 2016

Құстар туралы аңыздарға саяxат

14 қыркүйек 2016

Ұлттық киімдердің тариxы және сәнге айналдыру тиімділігі

30 тамыз 2016

Ақ орамал

2 шілде 2016

Әйелдер жемқорлыққа "ЖОҚ" дейді

1 маусым 2016

Бақытты балалық шаққа саяхат

30 наурыз 2016

Наурыз келді

14 наурыз 2016

Аса зерек ой-иесі Серікбол Қондыбай

4 наурыз 2016

Сарқылмайтын жылылық ана аты ұлылық

21 қаңтар 2016

Педагогикалық мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер