Әркімнің өз Абайы, өз Шекспирі, өз Пушкині бар... демекші, менің Серікболым осындай

Серікбол Қондыбай музейі жариялаған "Менің Серікболым" эстафетасын қабылдап алдым.

Әркімнің өз Абайы, өз Шекспирі, өз Пушкині бар... демекші, менің Серікболым осындай:

МЕНІҢ СЕРІКБОЛЫМ

Тiл адам санасының материализациялануы болса, онда сананың қоршаған әлемдi тану сатыларының алғашқы нүктесi – мифтiк ойлау өзiнiң субстанциясының да бастапқы «нүктесi» болуға тиiс. Сондықтан, тiлдiк таңбаның тұрпаттық жағынан оның мазмұндық жағына қарай бағытталған лингвистикалық зерттеуден гөрi, алғашқы нүктеден берi қарай, яғни, мифтiк ойлаудан тiлге, «көрiлместiң көресiндерiне» қарай зерттеу жүргiзудi бастап бергендiгi - Серiкбол зерттеуiнiң жасампаздығы болып табылмақ.

Серiкбол армандаған, тек жай армандап қана қоймай, оны iс жүзiне асырып, өзi негiзiн қалап берiп кеткен «қазақтың мифтiк-лингвистикалық» мектебiнiң бүгiнi мен ертеңi, даму бағыттары мен зерттеу әдiстерi ежелгi заман танымының, ақиқатының ақпаратын сақтаған техникалық тiл мифологияның сегiз қырлы, бiр сырлы табиғатынан туындап, оның онтологиялық негiздерiне бағындырылуы керек.

Ғасыр басында адамзат қоғамы әлем, дүние, қоршаған орта туралы барлық мағлұмат лингвистикалық каналдар арқылы берiлiп, сонда сақталатынына көзiн жеткiздi. Адам сөз дүниесiнде өмiр сүредi, орасан зор ақпараттарды адамзат сөз арқылы меңгерiп, сөз арқылы түсiне алады. Серiкболдың зерттеу еңбектерi мифологиялық сөздiктi көзге елестетедi. Бiр қарағанда түсiнiксiз, мағынасы күңгiрттенген сөздер Серiкболдың баянында кенеттен қайта жаңғырып, көкейiңе қонып шыға келедi.

Адам баласын түпсанадан бiрiктiрiп тұрған мифтiк архетиптiк символдар адамдардың психо-соматикалық, рухани-танымдық iс-әрекеттерiн басқарады. Бiрақ, Серiкбол мифтiк танымның жалпыадамзаттық табиғатын мойындай отыра, мифтiң арғықазақтық, дейтүркiлiк негiзiн сақтап қалуға, ондағы ұлттық танымдық құндылықтарды барынша жарқыратуға көңiл бөледi. Себебi, дейдi ол, әлемдiк мифологиялық жүйелердiң қаймағы бұзылмай сақталып қалған жалғыз көз - қазақтың ұлттық тiлi мен мәдениетi. Бiздiң тiлiмiздегi кез келген сөз - символ. Себебi, оның ар жағында мифтiк мазмұн жатыр.

Серiкбол – құбылыс. Құбылыс болғанда, дәл бүгiнгi бiз өмiр сүрiп отырған уақытта болмай қалуы, тумай қалуы мүмкiн емес, нағыз танымдық қажеттiлiктен, рухани шөлдеуден (тарихта мұндай құбылыс «тоска по гению» деген атаумен берiлгендiгi белгiлi) келiп туған құбылыс. Себебi, заман ағымының белгiлi бiр кезеңi өзiнiң бойына мыңдаған идеялардың жаңаша трансформациясын жинаған феномен, идеал, дара тұлғаны жарыққа шығарады, ол кенеттен пайда болмайды, аталған қасиеттердiң бәрi жинақтала келе, жоғарыдағы Ұғанның (Жаратушының) құдiретiмен бiр «нүктеге» тоғысып, белгiлi бiр жан иесiне берiледi, яғни, Серiкболды осылай таңбаланған, белгiленген, Жоғары құдiреттiң адамдарға жiберген елшiсi деп қабылдауға тиіспіз. Оған Серiкболдың бiрiнен-бiрi туындап, жiбек арқанды тарқатқандай есiлiп тұрған, бiр ұшын ұстасаң өзiнен-өзi шешiлiп сала беретiн жүйелерiнен көруге болады. Мысалы: Нұр, Құдайы құдiрет, ноқат, көрiлмес, көресiн, Абақ таңба, шоғым таңба, бинарлық, триадалық жүйелер, елексету, Iлкi төр, Төретам, Не-ме-не, Ң дыбысы (бұл тiлшi-ғалым Б.Сағындықовта силлабофонема деген терминмен өрнектелген). Бұлар - өзiнiң тереңiне тартып кететiн тылсымдар, жабық жүйелер. Серiкбол осы деңгейлердiң қай қабатына өтсе де, тереңдей түссе де өзiн әлi де оның табалдырығында тұрғандай сезiнуi де заңдылық. Себебi, тiл мәңгiлiк қозғалыста болатын, тұрақты қайталанып отыратын рухтың күшi.

Серiкболдың еңбегiне бірден талдау жасаудан гөрi, ең алдымен оны тұтастай қабылдауға, ұғынуға, түйсiнуге, не айтқысы келгендiгiн сезiнуге кеңес берер едiм. Сонда ғана келесi бiр таным деңгейiне Серiкболдың түсiрген жарығының көмегiмен өтуге мүмкiндiк туады.

Серiкболдың ерен еңбегi бiзге заманымыздың дара тұлғаларының бiрi, жазушы Әбiш Кекiлбаевтың «Шыңырауындағы» Еңсеп бейнесiн елестетедi. Осы шығармадан алынған мына бір үзіндідегі жан мен тәннің қос күйзелісіне көңіл аударып көрейікші:

«…Eңсеп ештеңеге алаңдамады. Тақтай тасты төкпетете соққылады. Үскiрiк жел астында тұрғанына қарамастан, әуелi маңдайына, сосын омырауына шып-шып тер шықты. Тақтай тас сарт-сұрт сынып жатыр. Осылай қазыңқырай түссе ұлы арнаға да жетедi. Жүрегiн қуаныш кернеп, өне бойынан әл кетiп бара жатқандай... Қайтадан төмпештей жөнелдi. Сүйменi әр тиген сайын тақтай тас күрт-күрт омырылады. Қайқайып тұрып тақтай тасты сарт-сарт сабалайды. Кенет сүйменi тасқа тимей, тесiктiң өзiне түсiп, екпетiнен құлап түстi. Еңсеп зiп-зiлдей кiрпiктерiн әзер көтерiп, көзiн ашып алып едi, жан-жағынан ақ түтек боп сарқырап жатқан ағын су әлдеқайда алды да қайқайды. Жан-дәрмен бiр бақыруға ғана мұршасы келдi. Бiрақ, оны өзiнен басқа ешкiм естiген жоқ... Арада әлденеше жыл өттi. Тусырап жатқан өңiр суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудың суы тартылғанымен, ол лықылдайды да жатады. Бiреулер қауға түсiрiп алса, артынан сонау көк теңiздiң жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Ендi жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңiзге барып құяды екен дестi. Не де болса бүкiл үстiрттiң үстiндегi ең терең, ең мол Шыңырау боп атағы жайылды». (Ә.Кекілбаев «Шыңырау»)

Иә, Еңсеп ендi өзi қазған шыңырауға, ал шыңырау болса Еңсептiң өзiне айналды. Олай болса, Серiкбол қазған мифология «шыңырауы» да халыққа берерi мол, ғылымның не бiр тылсымдарына сәуле түсiретiн нағыз терең танымдық құндылық болып қалады.

Ендi Серiкбол тұлғасы да нағыз мифке айналды...

АЛ, СІЗДІҢ СЕРІКБОЛЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Эстафетаны өңірімізге танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы Еділхан Алқажан ағамызға жолдаймын!


Балкенже Акбердыева 

Жарияланған күні: 0 Оқылған саны: 245




30 сәуір 2017

Серікбол әлемі атты конференция

16 сәуір 2017

14 сәуірде Мемориалдық музей және Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығымен бірігіп "Маңғыстау - Серікбол көзімен" атты оқушылар арасындағы аудандық зияткерлік сайысы болып өтті.

25 наурыз 2017

Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

31 желтоқсан 2016

Жаңа 2017 жыл құтты болсын!

14 желтоқсан 2016

Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік

7 желтоқсан 2016

Әлеуметтік кәсіпкерлік- экономиканың үшінші секторының дамуының жаңа баспалдағы

23 қараша 2016

2016 жылы С.Қондыбай шығармашылығы бағытында өткен шаралар

21 қазан 2016

С.Қондабай музейінің алғашқы қадамдары

27 қыркүйек 2016

Құстар туралы аңыздарға саяxат

14 қыркүйек 2016

Ұлттық киімдердің тариxы және сәнге айналдыру тиімділігі

30 тамыз 2016

Ақ орамал

2 шілде 2016

Әйелдер жемқорлыққа "ЖОҚ" дейді

1 маусым 2016

Бақытты балалық шаққа саяхат

30 наурыз 2016

Наурыз келді

14 наурыз 2016

Аса зерек ой-иесі Серікбол Қондыбай

4 наурыз 2016

Сарқылмайтын жылылық ана аты ұлылық

21 қаңтар 2016

Педагогикалық мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер