Ертегілі Маңғыстау

Аса зерек ой иесі Серікбол Қондыбайдың студент кезінен бастап, ғұмырының соңына дейінгі мерзімде баспасөз беттерінде жарық көрген, терең ойлы, таңдамалы ғылыми мақалалары көп. Бүгінгі күн мәселелері көтерілген және Маңғыстау тарихына арналған мақалалары кімді де болса ойландырмай қоймайды. Маңғыстау қазақтарының қазіргі мәдениетіне ертедегі дай, ортағасырлық оғыз-түрікмен, қалмақ, ноғай, орыс мұраларымен бірге, жаңа мәдениет те кіреді. Өлкеде «мекен еткен жеті жұрт» құдықтар мен зираттардан басқа да өздерінің «елестерін» қалдырып кеткен. Осылардың барлығы ғалымның мақалаларына арқау болды. Солардың бірі – «Ертегілі Маңғыстау» мақаласын сіздерге ұсынғымыз келіп отыр.

"Ертегі, аңыз, миф және география. Осы ұғымдар арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Осындай сауал аталған сөз тіркестерін оқығанда әрбір адамның ойына келері сөзсіз, шындығында, ертегі мен жердің сипаты туралы ғылымның арасындағы байланысты адам баласы өзінің өмірінде, әдеби мұрасында байланыстырып отырған. Сүйікті ертегіні не аңыздық жырды оқып, оның кейіпкерлерімен бірге асқар-асқар таулардан, айдын-шалқар көлдерден, сондай –ақ ебелек ұшпас елсізден, көбелек ұшпас көлсізден, құла мидай шөлдерден, адам жүрмес жерлерден өтпедік пе? География ғылымының мифогеография, яғни аңыз ертегілердің шығу орны мен таралу географиясы деген саласы бар. Қазақ арасында бұл ғылым саласы кенжелеп қалған. Қазақта «Жерұйық», «Өтүген», «Ергене қон», «Итжеккен», «Жатжұрт» сияқты ертегілік, аңыздық географиялық атаулар бар. Олар қайда? Асан қайғы іздеген жерұйық қайда екен? Кімде болса сол жерұйықтың өзінің туған жері болғанын қалайды. Бұл таңғажайып та ертегілі атамекенге саяхаттың басталуы.

Маңғыстау. Тұнған тарих өлкесі, яғни тұла бойы тұнған құпия мен сыр елі, 360 әулиенің мекені. Оның әр пұшпағы, әр тасы ертегі. Мекен еткен адамдары да ертегі. Оның жері қандай, жер бетіндегі атаулары қандай? Шайыр, Жалған, Өрмелі, шам, Босаға, Мерет, Қарнау, Сынды, Қаламқас... осылардың бойында қаншама сыр бар. Тіпті оның құпиясын білмегеннің өзінде атаудың өзі-ақ талай ойға жетелемей ме? Бала кездегі естіген ертегілеріміз жезтырнақ пен мыстан кемпір, төбекөз бен таутайлақ, айдаһар мен алып қара құс, киелі киік пен қырық шілтен ойланған адамға Маңғыстаудың кез-келген сайы мен тауында жүргені анық. Сол сияқты шартарапқа шашырап жатқан жолдардың бойында қыдыр жүргені анық.

«Қобыланды батыр» жырын оқыған адам «Түйемойнақ», «Иіртау», «Сүйіртау», «Қыземшек», «Қаратау», «Манашы» деген жер аттарының Маңғыстау мен Үстірт өңірінде кездесетінін байқар еді. Әрине, осының бәрін Маңғыстауда болған деп географиялық картаға «көгендей қою» болмас, өйткені ауыз әдебиетіне тән анахронизм мен көркем әдеби шындықты ақиқат еткені болмаса, нақты тарихшылықты көрсете алмайды. Сонда да осы оқиға біздің жерде өткен-ау деген ой адамға рухани ләззәт береді және оның санасында туған жердің мәртебесін өсіреді. Жырдағы Қобыланды қалмақтың Қырлы-Сырлы қалаларын ойрандайды, ал әлгі қалалар Қасқарлық таудың басында, Алтынды таудың астында орналасқан. Ал географиялық фантазия өлкені білетін адамдар үшін Өрмелі мен Маната маңында Алтынды тау мен оның Шетпе жағындағы Қасқыржол тауын осы аңыздық обьектілерге айналдырар еді. Одан Маңғыстау ұтпаса, ұтылмақ емес.

Маңғыстау – сирек қонысты, табиғаты қатаң, географиялық жағынан оқшау орналасқан аймақ. Талай жырға арқау болған Баба Түкті Шашты Әзіз де осында. Қожа Ахмет Яссауидің үш шәкірті –Шопан ата, Дәнішпан, Қараман ата осында өмір сүрген. Неліктен Қазақстанның басқа өңірлері осындай сопылардың есімін сақтамаған? Неліктен Адайдың ұраны болған Бекет ата маңғыстаулықтар үшін сол қожа Ахметпен бірдей, тіпті артық құрметке ие болған, ал басқа өлкелерде осы деңгейде бірде-бір әулие жоқ. Бұл ертегілік ареалдың Оңтүстік Қазақстаннан Маңғыстауға ауысқандығын көрсетеді. Түрікменнің абдал тайпасының аңызында өтірік айтқаны үшін Қараман мен Ақпан деген екі жігітті ақ және қара төбетке айналдырады. Олар өз руын қуып, Маңғыстауға дейін әкеледі. Осы жерде абдал батыры екі төбетті атып өлтіреді. Өлер алдында иттер: «Өлтірмей кідіре тұрғанда сендерді құтты, бай өлкеге жеткізетін едік, енді сендердің мекендерінің осы Маңғыстау болмақ» - депті. Бұл ертегілер елінің Маңғыстауға келіп қоныс тебуі. Таңбасы бір абдал да, адай да, ноғай мен қалмақ та Маңғыстауда өз тарихын үлкен романтикалық аңызға айналдыра алды.

Шеткері, оқшау аймақ әрқашан да басқа мифті өзіне сай өңдеп, жетілдіреді, өйткені мұндай аймақтың тұрғындары еркін сүйгіш, өр келетіні тарихтан аян. Мәселен, христиандық «Қасиетті Грааль» аңызы еуропалық әдебиетте мыңдаған шығармалар туғызды. Ал оның орталығы қиыр солтүстік – батыстағы Уэльс (Ұлыбритания аралы) болды. Уэльс ертегілерінің кейіпкерлері король Артур сэр Персеваль мен Галахад осы аңыздың кейіпкерлеріне айналып, жаңа оқиғалар түзді. Палестиналық аңыз сонау қиыр Европаға дейін барып, сонда «қалып қойды». Мұндай мысал қазақ даласында да бар. Топан су қаптаған дәуірде Нұх пайғамбар үлкен кеме жасап, жан-жануарлардың түрлерін сақтап қалады. Қазақ аңызында оның жүзіп келіп тірелген жері... Қазығұрт тауы болып шықты.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол киелі болмаса неге қалған?

Ішінде екі қозы болған екен,

Шопан ата деген сөзі содан қалған.

Осылайша еврей, христиан, ислам дінінде ортақ аңыз Қазығұртта «болып», оған Шопан-ата, Зеңгі-баба, Ойсыл-қара, Қамбар-ата, сияқты қазақы әпсаналық кейіпкерлер «еніп» кеткен. Мұнда да аңыздың қиыр шетке ауысу мысалы айқын көрінеді. Қазығұрт тауы Қазақстанда екеу, біріншісі - Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында, екіншісі Шымкент маңында. Сол сияқты Баба Түкті Шашты Әзіздің, Қаратаудың Оңтүстік Қазақстанда да, Маңғыстауда да болуы ертегілік географиялық ауысуды көрсетеді.

Маңғыстаудың ертегілігі осымен шектеліп қалмайды. Әрбір оқиға әдебиет үшін де, саз үшін де, бейнелеу өнері үшін де дайын сюжет, тек әзірге өзіміздің арамызда К.Х.Андерсен, С.Лагерлеф, Б.Бажов, Ш.Перро, Л.Кэррол, Ж.Родари сияқты ертегішілеріміз жоқ. Европа елдерінде, Америкада ертегілер жертараптық (ландшафтық) эстетикалық байлығы болып саналып, индустрия саласы болып табылады және үлкен экономикалық табыс түсіреді. Америкалық «Диснейлендте», Қырымдағы «Ертегі алаңқайы» да әртүрлі мақсаттарға сай келеді. Туризм және мәдени шығармашылық ертегілік география арқасында қосымша күшке ие болады.

Таушық өңіріндегі Ақшора-Белтұран хикаясы, Тамшалыдағы Мерет сұлу хикаясы, Қараман Атадағы ант беру аңызы, Қаламқас аңызы, тіпті Құлбарақ батыр оқиғасы. Балуанияздың құла атының хикаясы сияқты жәдігерлер өлке жерінің жүзіне романтикалық әр бере алады.

Бір қызығы, Маңғыстаудың әдемілігін де, ерекшелігін де, оның ертегілік жертарабын да байқайтын, таңдай қағатын өлкеміздің мейрамдары, шынын айту керек, оның ішінде басқа ұлттың өкілдері, тек соларға еріп жүргенде бірге «таңғалысып», іле-шала «ұмытып» кететініміз де ақиқат.

Мұсылман дінін қабылдағанға дейін ата-бабаларымыздың тәңірлік дінді ұстанғанын білеміз. Тәңірліктің екі тірегі бар. Біріншісі Ислам Қорқыт атадан бастап, Баба Түкті Шашты Әзізге дейінгі мәңгілік әулиелерді өзінікіне айналдырып, ата-баба культін қазақ мұсылмандығының негізгі бөлігіне айналдырды. Одан қазақ тек қана ұтты деуге болар еді. Аталмыш 360 әулиенің ардақталуы да осының арқасы. Ал екіншісі – табиғатқа сиыну. Жер – анаға, көк-аспанға, суға, тауға, үңгірге, көк шөпке сиыну, құрметтеу, қорғау, ата-бабаларымыздың өмірінің негізі болды. Осы қасиетті біздер жоғалтып алған сияқтымыз. Осы күнгі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, табиғаттың зорлықпен өзгертілуі, туған жерге деген немқұрайлы көзқарас себептерінің түбі осында жатса керек.

Туған жер табиғаты - ұлттың өмір сүруінің басты шарты. Маңғыстаудың шөлді, сусыз, өсімдіксіз, ыстық өңірінде өмір сүруді бізге бұйыртқан. Басқа жер бізге жоқ. Сондықтан Маңғыстаудың «барын» пайдалану, сақтау басты міндет. Ал ертегілік көзқарас - осы міндетті жүзеге асырудағы қажетті қасиеттердің негізгілерінің бірі болып қалмақ."

«Маңғыстау» газеті, 1993 жыл, 18 тамыз 

Жарияланған күні: 0 Оқылған саны: 321




7 маусым 2017

7 маусым тәжірибе алмасу

2 маусым 2017

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Әлемнің сәні - балалар" атты шара болып өтті.

20 мамыр 2017

18мамыр күні МОМБ "Мемориалдық мұражайында" "музей түні" болып өтті.

19 мамыр 2017

Музейіміздің қос маманы күні

30 сәуір 2017

Серікбол әлемі атты конференция

16 сәуір 2017

14 сәуірде Мемориалдық музей және Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығымен бірігіп "Маңғыстау - Серікбол көзімен" атты оқушылар арасындағы аудандық зияткерлік сайысы болып өтті.

25 наурыз 2017

Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

31 желтоқсан 2016

Жаңа 2017 жыл құтты болсын!

14 желтоқсан 2016

Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік

7 желтоқсан 2016

Әлеуметтік кәсіпкерлік- экономиканың үшінші секторының дамуының жаңа баспалдағы

23 қараша 2016

2016 жылы С.Қондыбай шығармашылығы бағытында өткен шаралар

21 қазан 2016

С.Қондабай музейінің алғашқы қадамдары

27 қыркүйек 2016

Құстар туралы аңыздарға саяxат

14 қыркүйек 2016

Ұлттық киімдердің тариxы және сәнге айналдыру тиімділігі

30 тамыз 2016

Ақ орамал

2 шілде 2016

Әйелдер жемқорлыққа "ЖОҚ" дейді

1 маусым 2016

Бақытты балалық шаққа саяхат

30 наурыз 2016

Наурыз келді

14 наурыз 2016

Аса зерек ой-иесі Серікбол Қондыбай

4 наурыз 2016

Сарқылмайтын жылылық ана аты ұлылық

21 қаңтар 2016

Педагогикалық мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер