Қорқыт ата және уақыт.

Қорқыт ата және уақыт.

Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт сөзі "Хорқұт" сөзінен шыққан. "Хор" деген көне түркі тіліндегі "Өр" деген сөз, "Һор" деп те айтылған. Ал, "құт", ол кәдімгі "құт", "береке", "игілік" деген сөз. Демек Қорқұт сөзі "жоғарыдан келген құт" деген мағынада. Бірақ қазақ тілінде ол Қорқыт болып, кейін осы атаудан талай аңыз-ертегілер туған.

Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра.

"Қорқыт-атаның бейнесінің тарихилығы жөнінде ұлан-ғайыр зерттеулер бар, ал оның бейнесінің байырғы, мифтік астарлы қабаты жөніндегі зерттеулерді саусақпен санап көрсетуге болады. Қорқыт-атаның тарихи немесе квазитарихи болмысына емес, мифтік болмысына назар аударған зерттеулердің ішінен бізге таныс болғандары – үшеу-ақ. Біріншісі – Олжас Сүлейменовтің (О.Сүлейменов. Түркілер күнінің батуы мен шығуы. // «Егемен Қазақстан». 1999. 19 қазан), екіншісі – мәдениеттанушы Зира Наурзбаеваның (З.Наурзбаева. Реконструкция изначальной общечеловеческой традиции и Тенгрианство (қолжазба күйінде), үшіншісі – С.Ш.Аязбекованың (сонікі: Картина мира этноса: Коркут-ата и философия музыки казахов. А. 1999. Сс. 200-203) қисын-дәйектері.

Аталған зерттеулердің қорытындылары – Қорқыттың мифтік бейнесінің қатпарлы болмысының санаулы қабаттары ғана. Қорқыттың мифтік бейнесі – тым күрделі, көп қабатты, сондықтан үш автордың мифтік зерттеулерін, олардың пайымдауларының бір-біріне мүлде ұқсамай жатқандығына қарамастан, ескермей кетуге болмайды, өйткені олардың қорытынды түйіндері бейненің басқа қырлары ашылған кезде бір-біріне жақындатыла отырып, ортақ желіге келе алу мүмкіндігіне ие. Осындай бірегейлікке жету үшін Қорқыттың бейнесінің басқа қырларын да ашу қажет. Міне, мен де осы сабақтастықты одан әрі өрбіте отырып, Қорқыт бейнесінің жаңа қырларын ашып көрсетпекпін, солардың бірі – уақыт мәселесі болып отыр..."

Ғалым өз зерттеу жұмысына Қорқыт ата жөнінде кездесетін үш түрлі аңыз желісін пайдаланады. Біріншісі (В. В. Вельяминов-Зернов жазып алған): Қорқыт бұрынырақта жер шетінде өмір сүріпті. Бір күні ол түсінде бірнеше адамның көр қазып жатқанын көріп: «Көрді кімге арнап қазып жатырсыздар?» деп сұрайды. Қазып жатқандар оған «Қорқыт әулиеге арнап қазып жатырмыз» деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт ажалдан қашып құтылмақ болып, дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Сол жаққа барған соң да, осы түсті көреді. Қорқыт тағы да жолға шығады. Осылайша, ажалдан қашқан Қорқыт дүниенің төрт бұрышын аралап шығады, қай жерге бармасын, әлгі түсті көруін тоқтата алмайды. Ақыр соңында ол жердің кіндігіне орналаспақ болады. Жер кіндігі Сырдарияда, Қорқыттың бүгінгі моласы орналасқан жерде екен. Бірақ, бұл жерде әлгі түс көру оқиғасы қайталанады. Тағдыр жазмышын айналып өтпек болған Қорқыт «жер бетінде ажалдан құтылу мүмкін болмаса, су бетінде құтылармын» деген оймен Сырдарияның бетіне көрпе төсеп, көрпенің үстіне отырып, 100 жыл бойына домбыра тартады, ақыры сол жерде отырып өледі» (И.А.Кастанье. Древности киргизской степи и Оренбургского края. //Қорқыт-ата. Энциклопедиялық жинақ. А. «Қазақ энциклопедиясы». 1999. сс.90-91).

Бұл аңыздағы біз үшін маңыздысы:

1. Қорқыттың дүниенің шетінде (край света) өмір сүруі.

2. Түсінде өзіне көр қазып жатқандары көруі.

3. Дүниенің төрт шетін (бұрышын) көруі, түсінде көрген оқиғаның қайталануы.

4. Дүниенің (жердің) кіндігіне баруы, ол жерде де әлгі түсті көруі.

5. Дүниенің (жердің) кіндігі – Сырдарияның бойы, Қорқыттың моласы тұрған жер.

6. Сыр өзенінің суының бетіне көрпе жайып, соның үстінде 100 жыл бойына домбыра тартып отыруы.

Екінші (1899 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде жария болған Н.Жетпісбаев деген кісінікі) нұсқаның бірінші нұсқадан айрмашылығы мыналар:

Біріншіден, Қорқыт түс көрмейді, оған өңінде Әзірейілдің өзі келіп, таяу уақытта Алла тағаланың әмірімен оның жанын алатындығын хабарлайды. Екіншіден, Қорқыттың қашу маршрутының реті нақты тараптық нақтылыққа ие болған, ажалдан қашып құтылмақ болған Қорқыт, таң ертемен өзінің желмаясына отырып, әуелі батыс жаққа (магруб) аттанады; ол жаққа барған соң, өзіне көр қазып жүрген адамды көреді. Қорқыт одан соң оңтүстік тарапқа (джунуб), одан соң шығыс тарапқа (машрик), одан соң – солтүстік тарапқа (шавал) барады, барлығында да өзіне көр қазып қойған адамды көреді. Үшіншіден, жердің төрт тарабында да көр қазып қойған адамды көреді. Үшіншіден, жердің төрт тарабында да көр қазып жүрген кісі біреу, ол – Әзірейіл. Төртіншіден, құтылудың жолын білмей, амалы қалмаған Қорқыт құдайдан қайда барғанда ажалдан құтылуға болатындығын сұрайды. Сонда көктен естілген дауыс: «Шыққан жеріңе қайтып орал, ақымақ! Сол жерде ғана мәңгі байыз табасың, сол бұрынғы өмір сүрген жерің – жердің кіндігі», - дейді (Қорқыт-ата, Энциклопедиялық жинақ. А. «Қазақ энциклопедиясы». 1999. сс. 92-93).

Үшінші нұсқаның (А.Райымбергенов деген кісінің айтқаны бойынша) алдыңғы нұсқалардан басты айырмашылығы2 – мұнда Қорқыттың төрт тарапқа жүру сапарының жастық (уақыттық) тұрғыдан қарағанда да, қазылып жатқан көрдің тереңдігі тұрғысынан қарағанда да тең мөлшерлі болмауы: Қорқыт жердің бір бұрышына жас өспірім шағында, екіншісіне – ересек еркек жасында, үшіншісіне – жігіт ағасы (қарасақал) болған шағында, төртіншісіне – қартайған, ақсақалды шал болған шағында барады. Осы сапарларының әрқайсысында оның өзіне қазылып жатқан көрінің тереңдігі әр түрлі болып көрсетілген: біріншісінде – көрдің тереңдігі оны қазып жатқан жас өсіпірім жігіттің тізесінен, екіншісінде – қазып жатқан ересек еркектің белінен, үшіншісінде – қарасақал жігіт ағасының кеудесінен келіп қалыпты, ал төртінші тарапқа барғанда Қорқыт көр қазушыны бірден көрмейді, тек көр ішіне үңілгенде ғана, тереңдігі өз бойынан асып кеткен көрдің ішінде тұрған қартты көреді...

"Қорқыт-ата және уақыт" тақырыбынан үзінді. С. Қондыбайдың толық зерттеу жұмыстарын, аңыздардың мифтік астарын төмендегі сілтемеден оқи аласыздар.

С. Қондыбай 16-томдық шығармалар топтамасы. 12 - том 290-бет. 

Жарияланған күні: 10 қазан 2020Оқылған саны: 69




19 қараша 2020

"Ғаламның мифтік моделі" залының онлайн экскурсиясы

12 қараша 2020

Бала кезден басталса

31 қазан 2020

«Қамажай» атты мақала

24 қазан 2020

«Ұлылар Серікбол туралы» атты айдар

16 қазан 2020

Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде

13 қазан 2020

МЕНІҢ СЕРІКБОЛЫМ

10 қазан 2020

Қорқыт ата және уақыт.

6 қазан 2020

Жол жазбаларынан...

28 қыркүйек 2020

Әбіш Кекілбаев атындағы музейге 100 томдық кітап сыйға тартты

25 қыркүйек 2020

Әбу Насыр Әл-Фараби бабамызға 1150 жыл

22 қыркүйек 2020

Тур Хейердал атындағы «DESHT-THOR» ежелгі технологиялар және мәдени коммуникацияларының ІІІ Халықаралық фестивалі онлайн форматында өтті

19 қыркүйек 2020

Ертегілі Маңғыстау

17 қыркүйек 2020

С.Қондыбай аз ғана ғұмырында ғылыми мақалалар жаза отырып, ел болашағы үшін алаңдады.

3 қыркүйек 2020

Әркімнің өз Абайы, өз Шекспирі, өз Пушкині бар... демекші, менің Серікболым осындай

2 қыркүйек 2020

МЕНІҢ СЕРІКБОЛЫМ ...

24 тамыз 2020

Күйші, жазушы, кинодраматург, мәдениеттанушы Т.Әсемқұлов

12 тамыз 2020

Абай – ойшыл. Ұлы Абайдың 175 жылдығы

31 шілде 2020

Ғалым Отарбаевтың шығармалары

23 шілде 2020

Серікбол Қондыбай өміріндегі Сайын Назарбекұлының рөлі.

18 шілде 2020

"Музейдегі бір жәдігер" айдары

11 шілде 2020

Серікбол Қондыбай өміріндегі Мейірхан Ақдәулетұлының рөлі.

2 шілде 2020

Серікбол Қондыбайдың еңбектеріндегі Маңғыстаудың тарихи-мәдени кеңістігі

23 маусым 2020

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

18 маусым 2020

С.Қондыбай еңбектеріндегі Қорқыт пен Аполлонның типологиялық сәйкестігі туралы.