С.Қондыбай аз ғана ғұмырында ғылыми мақалалар жаза отырып, ел болашағы үшін алаңдады.

С.Қондыбай аз ғана ғұмырында ғылыми мақалалар жаза отырып, ел болашағы үшін алаңдады. Оны елде болып жатқан қандай жағдай болмасын, қай мәселе болмасын толғандырды. Осы орайда ол жас кезінен газеттерге мақалаларын жариялап, халыққа, билікке ой тастап, елдің саяси-экономикалық мәселелеріне де алаңдаушылық білдірді.

С. Қондыбайдың мақалалары әртүрлі тақырыпта болды. Ол география факультетінде оқығандықтан, ТМД мемлекеттерін көруге мүмкіндік алды. Басқа мемлекеттердегі туризм жағдайын көріп, осы туризм саласын өзіміздің Маңғыстауда дамытуды студент кезінен армандап: «Маңғыстау энциклопедиясы», «Маңғыстауда өлкетану қоғамы қажет», «Ертегілі Маңғыстау» деген мақалаларын жазып, бұл тақырыптарды оқушыларға арналған «Маңғыстау географиясы» атты оқулығында да тілге тиек еткен.

Сонымен қатар осы күнге дейін көтеріліп жүрген тіл мәселесі туралы, латын әліпбиіне көшу туралы: «Қазақ жазуының жағдаяттары жөнінде», «Терминология түйіткілдері қайтсе шешіледі?», «Ертең кеш болуы мүмкін», «Креолдық тіл», «Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде», «Интернет және латын әрпі қазақты тығырықтан шығару жолы бола ала ма?» деген мақалалар жазды.

Ұлттың, мемлекетіміздің тағдыры жөнінде: «Ұлттық орталық ашсақ қайтеді?», «Кеңестік ішкі геосаясат және ұлттар тағдыры», «Ұлттық тынысты орда керек» атты мақалалары газеттерде жарық көрді. С.Қондыбай тек бұл тақырыптармен шектеліп қалған жоқ, басқа да қызықты тақырыптарда сөз қозғады. Солардың бірі – ұлт, мемлекет төңірегіндегі мәселені қозғаған «Ұлттық тынысты орда керек» мақаласын сіздерге ұсынғымыз келіп отыр.

Ұлттық тынысты орда керек

Ақыры Астанамыз да көшетін болды. Әрине, астананы көшіруді үкімет басшыларының Алматыдағы кеңсесін Ақмолаға ауыстыруына ғана балауға болмас. Себебі, қай жерде орналасса да астана – ең әуелі елдің тірегі және жүрегі. Осы орайда әлі күнге дейін басы ашылмаған мәселенің бірі – астананың көшуіне байланысты елдің аумақтық-әкімшілік кескінін орайластыру, керек болса өзгерту мәселесі.

Осы күнге дейін Қазақстан ресми түрде бес экономикалық ауданға бөлініп келді. Шындығында, жалпықазақстандық алқапты ішкі экономикалық-транспорттық құрылымы жағынан үш аймаққа бөлуге болады:

Оңтүстік Қазақстан: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстары және Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік бөліктері;

Солтүстік Қазақстан: кәдімгі алты облыспен бірге Жезқазған, Қарағанды, Семей және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөліктері;

Батыс Қазақстан: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары.

Сонымен, Батыс аймақ оңтүстікпен теміржол арқылы ғана байланысса, солтүстікпен оны тек қара жолдар ғана жалғастырады. Оның үстіне Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан орталық аймақтың үстінен ұшақ ұшпайды.

Бұл аймақтар кезінде бұрынғы кеңес Одағының біртұтас «халық» шаруашылығы кешенінің қажетіне ғана орай белгілі бір шаруашылық салаларына қызмет етіп көбінесе шикізат пен жартылай шикізат дайындаумен айналысып келгені белгілі. Осыдан да үш аймақ экономикалық- тасымалдық тұрғыдан бір-бірінен оқшау, әрқайсысы өз басына дербес қалды. Солтүстік Қазақстан елдің басқа аймақтарынан гөрі ресейлік Урал, Батыс-Сібір мен тығыз байланысқан. Сібір мен Уралдың кәсіпорындары Қостанайдың темірін, Арқалықтың бокситін, Екібастұздың көмірін пайдаланса, Солтүстік Қазақстанның астығы сол жақтың зауыттарынан шыққан техникамен жыртылады, егіледі, жиналады. Ал Түменнің, Башқұрттың мұнайынсыз ол техниканың жүрмейтіні белгілі. Яғни, бұл жерде Маңғыстау мен Атыраудаң мұнайының қатысы жоқ. Батыс Қазақстанның экономикасы да Ресейлік Урал, Еділ маңы, Солтүстік Кавказ аудандарына қызмет етуге сәйкестендірілген. Алматы мен Шымкент Бұхара- Газлидің (Өзбекстан) газын жағып отырса, Қарашығанақтың газы Волгоградқа, Орынборға айдалады, өйткені Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары осы мұнайды өңдейді. Маңғыстау мұнайы Ярославль мен Самарада бензинге айналады. Сол сияқты Екібастұз көмірі Кузбаста, ал Кузбасс көмірі Өскеменде жағылады. Осы аздаған мысалдардың өзі-ақ үш аймақтың бір-біріне бөксесін беріп, өзара байланыссыз дерлік бір-біріне мүлдем теріс қарап жатқандығын көрсетеді. Өкініштісі- бұл жағдай тәуелсіз Қазақстанда да сақталып қалып отыр. Баспасөз бетінде, әсіресе, орыс тілді газеттердің бетінде сүйікті тақырыпқа, мәтелге айналып кеткен «үзілген экономикалық байланыстарды қайта жалғау» идеясының ақиқат тұстары мен бүгінгі шақтағы қажеттілігін амалсыз мойындағанымызбен, оның болашақ үшін қатерлі екенін есте ұстауымыз керек. Бүкілқазақстандық «ортақ базар», ортақ транспорттық, экономикалық, энергетикалық, сауда кеңістігін құрып алмай тұрып, ТМД кеңістігіне жанталаса ұмтылу «үзілгенді жалғау», әсіресе, Ресеймен интеграциялану Қазақ елінің болашағына «жоқ» деген үкім шығару болып табылады. Тек терезесі тең елдер ғана өзара тиімді интеграциялана алады;ал басқаша жаңа отаршылдық(неоколониализм) болатынын ұмытпаған жөн...

Қазақстанды батыстан шығысқа қарай бойлай екі-үш бөлікке бөліп жатқан шөлейт белдеуі. Бір түкпірде оқшаулау жатқан Батыс Қазақстан жерінің басым бөлігі шөлейтті. Мұндағы қоныстану Еділ, Жайық, Жем, Ойыл өзендерінің бойында күшті болғанымен, жалпы деңгейде адам біркелкі сирек қоныстанылған аймақ болып табылады.

Оңтүстік Қазақстанда халық өзендер (Сырдария, Арыс, Талас, Шу) аңғарында және тау етегінде шоғырланған. Шөлге қарай сирей береді. Оңтүстік пенСолтүстік аймақтарды Қазақстанның орта бөлігіндегі құмдар(Арал құмы, Мойынқұм, Зайсан, Алакөл маңындағы құмдар, Сарыесік, Атырау) мен сазды үстірттер (Бетпақдала, Солтүстік Балқаш) және Балқаш көлі бір-бірінен бөліп, алшақтатып жатыр. Бұл- жағырапиялық кедергі белдеуі. Бұл белдеу күні бүгінге дейін нашар игерілген, сирек қоныстанған аймақ. Қазақстанның орта, кеуде тұсын алып жатқан бұл белдеу жүздеген әскери объектілер, «көрінбейтін қалалар»(Курчатов, Приозерск, Ленинск) мен сынақ полигондары(Азғыр, Ембі, Семей) және тарихи түрмелердің (Степлаг, Карлаг) ғана мекені болып отыр.

Осы үш аймақ арасында табиғи кедергілердің тұсында экономикалық байланыстар да барынша мардымсыз. Бұған үстемеленіп отырған тағы бір қиыншылық- бұл аймақтардың этникалық ала-құлалығы. Солтүстік аймақта, жалпы шекаралық өңірлерде орыс тілді қауымның басым болуы мына аласапыран кезеңде ел тірегін сағымдандырып жібереді. Ал Алматы немесе Ақмоланың ұлттық мәдени ұйытқысы болу қызметі – өте төмен, өйткені орыс тілді орта көп жағдайда ауыл қазақтарын құмға сіңген судай сіңіріп әкетеді. Ал олардағы аздаған қазақ тілді мәдени ошақтардың ұлт райына көп әсер ете алмай келе жатқаны белгілі. Сондықтан астананы көшіруден туындайтын ең басты мәселе – елдің тұтас бірқалыпты дамуын қамтамасыз ету болмақ. Яғни мемлекетті ең алдымен аумақтық тұрғыдан барынша тиімді етіп ұйымдастырып алуға көңіл бөлу керек. Ол үшін үш аймақ бір-бірімен өте тығыз, ажырамас экономикалық, мәдени-психологиялық кеңістік құруы қажет. Ал жалғыз астананың жағырапиялық орны немесе оның ең пәрменді рөлі де бұл мәселенің бәрін түбегейлі шеше алмайды. Мұндай экономикалық-гуманитарлық ортақ кеңістік құру үшін аймақтардың экономикалық өзара еңбек бөлінісін оңтайлы ұйымдастырып бір-бірін толықтырып тұратын жанды байланыс орнатумен бірге қазақтың таланттарын, ғалымдары мен өнер адамдарын шоғырландыратын ұлттық орта керек. Қазағы басым көпшілік болған қала мен аймақ қана дәстүрлі ұлттық сана мен жаңа идеяларды, ұлттың рухани игілігін жинақтап, басқаша айтқанда, аккумуляциялайды және генерациялайды. Бұл мақсаттарды шешу бірер жылдық жеңіл іс емес.

Сондықтан ең әуелі күнгейден теріскейге, батыстан шығысқа жалғастыратын темір және асфльт жолдардың, сондай-ақ мұнай, газ, мұнай өнімдері құбырларының тығыз да толыққанды жүйесі жасалынуы керек. Қазақстанның теміржолы небәрі 15 мың шақырым, ал тас жолдар өте аз және сапасыз екендігі белгілі. Сонымен қатар ұлттық шағын қалалар салуды қолға алу керек. Бұлар ғылыми қалалар(Дубна, мәселен, Зеленоград бола ма, университеттік қала Оксфорд, Кемридж сияқты) бола ма, әлде үлкен қалаларға жақын серіктестік қала бола ма, тіпті мүлдем бөлек түрде бола ма, оны жағдайға қарай шешуге болады.

Сөз соңында айтарым- тұрмыс қиыншылықтарын тілге тиек етіп, мемлекеттік мүдделерді ұмытуға болмайды. Мәселе- астананы көшіруде ғана емес. Ең бастысы - астананы бір орыс қаладан келесі орыс қалаға көшіруде емес, тереңде. Бүгінгі өмірімізді күйттеп жүріп болашағымыздан, ұлттығымыздан айырылып қалмайық. Қалай болғанда да, ғылым қуған, өнер сүйген қырдың қара қазағы орысша нашар білгендігі үшін тағы да қажағу көрмейтін, өзінің ой мүддесін еркін жүзеге асыра алатын қазақы тынысты, нағыз қазақтың өз ордасының болуы өте-мөте қажет.

С.Қондыбай. Толық шығармалар жинағы 15-том (59-63 беттер) («Ана тілі» газеті, 1994 жыл 11 тамыз ) 

Жарияланған күні: 0 Оқылған саны: 340




31 наурыз 2021

Ақтау қаласының №6 орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдеріның экскурсиясы


: https://www.facebook.com/100011674024631/posts/1360157467716708/?d=n

12 наурыз 2021

«Серікбол елдің ұлы» атты мәдени шара


: https://www.facebook.com/100011674024631/posts/1348011245597997/?d=n

8 наурыз 2021

Баршаңызды 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз!

5 наурыз 2021

8-наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған «Отбасыма мың алғыс» атты мәдени шара өткізілді

1 наурыз 2021

Музейдің ғылыми-ағарту жұмыс жоспарына сай мектеп оқушыларына музей сабағын өткізілді

18 ақпан 2021

СЕРІКБОЛТАНУ

16 ақпан 2021

СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙДЫҢ ЕКІ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

14 ақпан 2021

Жаңа кітаптар жарық көрді

11 ақпан 2021

Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 7б-сыныбы музейді аралады

4 ақпан 2021

«Музей қорынан бір жәдігер» айдары

21 қаңтар 2021

Музей мамандары Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды

1 қаңтар 2021

Серікбол туралы сөз болғанда...

31 желтоқсан 2020

Жаңа 2021 жыл құтты болсын!

23 желтоқсан 2020

«Қолжетімді мұражай: экскурсиялық қызметтегі инновациялар»

16 желтоқсан 2020

16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні.

15 желтоқсан 2020

Тәуелсіздік мерекесіне орай музейімізде «Тәуелсіздік – тірегім!» атты мерекелік шара өткізілді

15 желтоқсан 2020

16-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай музейімізде мерекелік шара өткізілді.

10 желтоқсан 2020

"AMEN Animation Film festival-2020" халықаралық байқауы

3 желтоқсан 2020

ҚР Ұлттық валюта күніне, қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Маңғыстау облысының әкімінің алғысы жарияланды

30 қараша 2020

Тұңғыш Президенті күні

19 қараша 2020

"Ғаламның мифтік моделі" залының онлайн экскурсиясы

19 қараша 2020

"Ғаламның мифтік моделі" залының онлайн экскурсиясын ұсынамыз

12 қараша 2020

Бала кезден басталса

31 қазан 2020

«Қамажай» атты мақала