Ұлыстың ұлы күні» қай күн?

Алдымен ескертіп алар, «Ыл», яғни «Үлек» (Ұлық,Ұлыс) есімді аспани мифтік бейнеге берілген алғышарттық функция мен сипаттың «малға», «о дүние мен өлімге», «өлгендер рухына», «ата-баба рухына» байланысты екендігі. Міне, осы жағдайда, әлгі славян-балтықтық Велес, велстердің, ең алдымен славяндық Велестің (Волостың) аспанға, жұлдыздарға  қатысты орнын біліп алуымызға тура келеді. Ал славяндық Велес болса, өзінің «о дүниелік, өлілер дүниелік» болмысына қарамастан, раында аспанға қатысты бейне болып көрінеді. «В южнославянской традиции, где, как и у восточных славян, с именем этого бога связывается название созвездия Плеяд (др.-русс. Волосыни, болг. Власците, сербо-хорв. Влащис и др.)». Мұндағы «Плеядалар» дегеніміз -  «Үркер» немесе «Үлкер», оның үстіне славяндық «Волосыни», «власците», «влащис» сөздерінің «Үркер» сөзімен түбірлес екендігін де көруге болады. Біз «Үлкер» сөзінің «өлілер», «өлік әскер», т.б. сол сияқты мағыналық ауқымдағы мағыналарды бере алатындығын герман-скандинавтық «Валькирия» сөзі мен «Үлкер» сөзін салыстыруда және алғашқысының тегін дей-түрк тілінен шығару барысында атап көрсеттік. Міне, сондықтан да, славяндық, оған ілескен балтықтық мифтік кейіпкер есімінің прототүрк тілінен ауысқанын тағы да қайталай отырып, Велестің Үркер шоқжұлдызына қатысты екендігін алдағы  топшыларымызда ескеретін боламыз.

Сонымен, Үркерлер – Волосыньялар – «мал мен байлықтың» (сондай-ақ «өлілер дүниесінің») тәңіриесі болған Велестің қыздары деп көрсетіледі. Соған пара-пар бейнелер ретінде қазақтық (жалпытүріктік) «Үркерлер» де – қыздар және де олар – міндетті түрде «өлілер дүниесінің» әміршісінің қызы болуы тиіс. Ал осындай әміршінің есімі, қарапайым қисынның өзінен анық болатындай, «Үлек» немесе «Ұлыс» болып шығады. Сірә, Махмұт Қашғари сөздігіндегі «Үлгұ» немесе «Өлкі» делінген жұлдыз (не планета) атауы нақ осындай «мал мен байлық, өлілер дүниесінің пірі» болған дей-түрктік мифтік бейненің көне есімдері болып табылады. «Үлгү» немесе «Үлек» - нақты көне түрк мифологиясында «Эрлик», «Эрклиг» деген туынды есімге ие болған бейненің бастапқы, көне түрк заманында-ақ ұмыт бола бастаған есімі болып табылады. Тек протүрктік Үлек, кейінгі славян-балтықтық аттастары – Велес пен Велске қарағанда, әйел жынысты, яғни «о дүниедегі ата-баба еліндегі Түп-ана» кейіпте болған, бүгінгі қазақ эпосында сақталған «Үлек әже» есімді бейне – сол дәуірден қалған сарқын болып табылады.

«Үлгұ» (Үлек, Ұлыс, Өлкі) сөзі, алдыңғы әңгімелерімізде атап көрсеткендей, - Таразы (Весы-Либра) шоқжұлдызының да, Қарақұш шоқжұлдызының да атауы болып табылады. Ал нақтылап айтар болсақ, бұл сөз, Весы-Либрадан басқа: 1) Орион шоқжұлдызының, 2) Сатурн планетасының атауы болып шығуы мумкін, өйткені: а) Орион шоқжұлдызының тұлғалануы болған Эрхий-мергеннің о дүниеге қатысты мифтік кейіпкер болғандығын әңгімеледік, б) римдік мифологиядағы Сатурнның «өлілер дүниесінің әміршісі» екендігін, Сатурн планетасының «сәтсіздік жұлдызы» болып есептелгенін де айттық. Әрине, «Үлгү» есімі басқа да, ең алдымен зодиактық шоқжұлдыздардың кейбіреуінің атауы болып шығуы мүмкін, бұл, ең алдымен, - «Үлгү» есімді аспан нысанының аспани-күнтізбелік түсініктерге сәйкес келуіне байланысты.

  Түрктік мысалдарға салыстыру үшін славян және балтық халықтарының көне дәстүрлерінен мысал келтіруге болады.

  18 ғасырдың авторы Г.Стендердің хабарлауынша Велс тәңіриеге арналған «өлгендер күні» атап өтілетін болған1. Сол ғасырдың тағы бір авторы Эйнхорнның мәліметіне қарағанда Велске қазан айы – Walla-manes (латыш тіліндегі Велю мате, «өлгендер анасы») арналатын болған екен2.

_____________

1Литван тілінде vele – «жан» (рух) болса, латыш тіліндегі veles – «өлген адамның көлеңкесі» дегенді білдіреді, бұл қазақтағы сол мағынадағы «елес» ( eles –«приведение», «призрак») сөзін еске түсіреді. Тектік ұқсастығы көрініп тұр.

2Мифы народов мира. Т.1.С.228.

  Славян мифологиясында (белорус және поляк) ата-баба рухтарын «деды» (дзяды) деп атайды. Шығыс және батыс славяндарда ата-бабаларды құрметтеудің ерекше ғұрпы көктемде, пасхадан кейінгі жетінші күні (семуха, весенняя радуница немемсе пасха усопших) немесе күзде (деды немесе большие осенины в Белоруссии, костромская дедова неделя) өткізеді бұл уақытта, сенім бойынша, өлген ата-аналар демалатын болған-мыс. Бұл күні өлгендерге садақа-ас даярланып, өлген рухын үйге шақыратын болған. Белоруссияда «дедтер» «ставрустік» делінеді де, ежелгі мәжуси князь Бойдың Ставр және Гавр деген иттеріне садақа беру ғұрпымен де көзге түседі. Тағы бір мысал.  Польшадағы мамырдағы рәсімдердің кезінде бойжеткенге жақын арада тұрмысқа шығатындығы жорылады. Сәуегейлік айтылады3. Қарап отырсаңыз, бұларда:

А) еске түсіру ғұрпы көктемде және күзде (қазан айында) өткізіледі, ә) осы ғұрыптан кейін үйлену мәселесі қарастырылады.

Осылайша, біз славян-балтық дәстүріндегі (балтық мысалына ғана арқа сүйер болсақ) жай ғана еркек тәңіриеге ғана емес, әйел кейіпті тәңіриеге де, «Өлгендер анасына» арналған арнайы мерекелік датаның болғанын және де оның өткізілу уақытының қазан айы болғанын көріп отырмыз. Осыған орай қазақ тіліндегі «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркеске басқаша, жаңаша үңілудің жөні бар сияқты.

  Ал осындай өлген ата-бабаларды еске алу күнін арғықазақтардың нақты «Ыл» (Үлек, Ұлыс) есімді мифтік кейіпкерге арнап өткізуі мүмкін бе және де осындай күн сол есімге байланыстырылған аспани-күнтізбелік оқиғаға сәйкес келе ме? Егер «Үлгү» (Үлек) сөзі «өлгендерге», «өлгендер рухына» байланысты ұғым болса, онда аспани-күнтізбелік деңгейде осы сөзбен аталған бейне, аспан шырағы арғықазақтардың «өлген ата-бабаларды» еске түсіру, ас беру, жерлеу, т.б. еске алу  мен мерекені ұштастырған өмірлік ғұрыптарға байланысты болып шығуы тиіс. Міне, сондықтан да біз қолда бар тарихи құжаттардан ежелгі түріктердің, сондай-ақ, «дей-түрктер» деп есептелетін көшпелі тайпалардың жерлеу, еске алу ғұрыптарына, олардың өткізілетін уақыты жөніндегі мәліметтерге назар аударамыз.

Бірінші мысал. «Қаған (көктүрк қағаны) үнемі Дыужин тауында тұрады. Оның шатырының (ордасының) есігі үнемі шығысқа қаратылады, бұл күннің шығуына құрмет еткені. Ол жыл сайын өзінің ұлықтарын бастап, аталарының үңгіріне барып, құрбандық шалады, ал  бесінші айдың ортасында басқаларды жинап апарып, өзен жағасында Көк тәңірге құрбандық шалып, табынады. Дыужин тауынан батысқа қарай 500 ли жерде биік, басына ағаш өспейтін, не өсімдік өспейтін бір асқар тау бар. Оны Бодың-инли деп атайды»4.

  Мұнда екі дата бар сияқты: біріншісі – «ата-баба үңгіріне барып құрбандық шалу» уақыты5. Бірақ осы өткізілетін шараның уақыты көрсетілмеген. Қисынға сүйеніп, «әр жылдың басында, яғни бірінші айдың бірінші күні» болар деп тұспалдауға болады. Екіншісі – «бесінші айдың ортасында өзен жағасында Көк тәңірге құрбандық беру», сондай-ақ ғұрыптың «өзен жағасында» өткізілгеніне назар аударылуы тиіс.

Әлгі Күлтегіндік текстегі уақыт көрсеткіштері арқылы жасалған кесте бойынша (біз оны шартты түрде «Күлтегіндік күнтізбелік кесте» дейтін боламыз) осы екі датаны былай көрсетуге болар еді:

Бірінші ғұрып – ақпан айында; екіншісі – маусым айының ортасында.

Дәл осылай болған деп сенімді түрде айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұл тек тұспал ғана.

Екінші мысал. Батыс Түрк мемлекетінің (7 ғасыр) жұртына қатысты дерек «Әр бесінші айдың сегізінші күні Тәңірге құрбандық шалу үшін жиналады. Жыл сайын жоғарғы лауазымды ұлығын ата-баба әруағына құрбандық шалу үшін өздерінің үрім-бұтағын өсіп-өнген үңгірге жібереді»6.

Күлтегіндік кесте бойынша «бесінші ай» дегеніміз – маусым. Сонда «бесінші айдың сегізі» күні дегеніміз бүгінгідегі 22 – маусым (июнь) сияқты жазғы тоқырау күніне сәйкес келуі мүмкін.

3Мифы народов мира. Т.1.С.363.

4Түріктер. Жыужәндар. Алматы: Санат, 1999. 37-бет.

5Әрине, қытай құжаттарындағы көшпелілерге қатысты даталардың барлығы да қытай күнтізбесіне сай берілген. Яғни мұндағы ай сандары қытай календары бойынша көрсетілген. Дунху. Гаучы/Қ.Салғараұлы. Алматы:Санат,1999. 50-б.

6 Түріктер. Жыужәндар. Алматы: Санат, 1999. 85-б.

Келтірілген екі мысалдағы ғұрыптық шаралардың өткізілу уақытының бір-біріне тұстас келуі ойландырады. Яғни бірінші мысалдағы «бесінші айдың ортасында басқаларды жинап апарып, өзен жағасында Көк Тәңірге құрбандық шалып, табынады» дегені мен екінші мысалдағы «бесінші айдың сегізінші күні» тәңіріге құрбандық шалу үшін жиналады дегеніндегі ай көрсеткіштері  сәйкес келіп тұр.

  Үшінші мысал. Ежелгі шығыс далалық көшпелілердің бірі – дунхулардың ұрпағы – синобійлер (1 ғ) туралы: «...көктемнің соңғы айында Жау-лы өзенінің бойына жиналып, той жасайды, той аяқталғаннан кейін некеге отырады.»7

  Бұл жердегі «көктемнің соңғы айы» дегені мамыр айы ма? Мүмкін маусым шығар? Қалай болғанда дасионбійлердің осы айда «өзен бойына жиналып, той жасауы» мен олардан 500-600 жыл кейініректе өмір сүрген түрктердің «бесінші айда өзен жағасында» өткізілуіне қарап, әңгіменің бір сипатты ғұрып жөнінде болып отырғандығын тұспалдауға болады. Олай болса, «көктемнің соңғы айы дегеніміз маусым айы болуы да мүмкін.

Төртінші мысал. Вей мемлекетінің (яғни синобійлердің) көне ғұрпы бойынша (4 ғасырдың аяқ кезі) «...жаздың бірінші айында Көкке, ата-баба аруағына құрбандық шалады, жаздың соңғы айында халқын Ин тауына апарып, қырауды шегіндіруге дұға қылады, күздің бірінші айында батыс қаланың алдында Көкке құрбандық шалады. Осы әдет-ғұрыптардың бәрі бұрынғы болмысында қайталанады. Құрбанға шалынатын құрбандық қаланың алдында және аталар ғибадатханасында анықталады.8

Мұндағы «жаздың бірінші айы» дегені маусым айы болар деп шамалаймыз. Ал маусым айы Күлтегіндік кесте бойынша «бесінші ай» болуы тиіс. Міне, тағы да «бесінші ай» аса маңызды ғұрыптық-мерекелік шараның өткізілу айы ретінде көрініп тұр. Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па?

Үзіндіде берілген екінші дата – «жаздың соңғы айы» - тамыз. Күлтегіндік кесте бойынша осы ай «жетінші ай» болуы тиіс.

Осы екі «жаздық айларға» қатысты түйткілдеріміз бар. Мәселен, қазақтарда «көктем» деген атаудың орнына «жазғытұры» дегенді де қолданған, яғни «көктем» сөзінің орнына «жаз» атауы қолданылған. Егер синобійлер де «жаз» деп көктемді айтқан болса ше? Бұл жағдайда «жаздың (көктемнің)бірінші айы» - наурыз болса, «жаздың (көктемнің) соңғы айы»- мамыр (не маусым) болып шығуы мүмкін. Міне, бұл мысалдан да «бесінші ай» (маусым не мамыр) табылу мүмкіндігін көріп отырмыз.

  Үшінші дата – «күздің бірінші айы», ол – қыркүйек (Күлтегіндік кесте бойынша бұл – «сегізінші ай»).

  Бесінші мысал. Сиуңнулар туралы: «Жаңа жылдың алғашқы айында (бұл арада айдың жаңа тууын айтып отыр. Ауд) мемлекет басшылары (негізінен хандар мен уәзірлер) Тәңірқұт ордасы жанындағы ғибадатханаға барып, кіші жиын өткізетін болған. Ал айдың бесінші жаңасында барлығы Лу-чыңға (Айдаһар қалаға) барып, үлкен жиын өткізген. Күзде, жылқы қоң жинаған кезде, Дәйлин тауына барып, бүкілхалықтық жиын өткізіп, көкке жерге, ата-баба  аруағына арнап құрбандық шалған, мал – жан есебін алған...»9

  Мұндағы «бірінші ай» дегені – ақпан болып шығады. Ал «айдың бесінші жаңасы» дегені де ақпан айына қатысты. Бірақ бұл жерде мынадай түйткіл бар: егер аудармашы осы тұсты қате аударған болып шығып, ақиқаты – «айдың бес жаңасы емес, бесінші ай» болып шықса ше? Түйткіл негізсіз емес, өйткені сиуңнулар туралы екінші бір деректе (алтыншы мысал) «сиуңнулар жылда үш рет: бірінші, бесінші, тоғызыншы айда, «сюй» деп аталған рәсім күні Көкке арнап құрбандық шалу үшін Айдаһар ғибадатханасына жиналатын дәстүр бар» делінеді. 10

7Дунху. Гаучы/Қ.Салғараұлы. алматы: Санат, 1999. 20-21-бб.

8 Дунху. Гаучы/Қ.Салғараұлы. алматы: Санат, 1999. 59-б.

9Сиуңну/Қ.Саалғараұлы. Алматы: Санат, 1998. 35-б.

10Сиуңну/Қ.Саалғараұлы. Алматы: Санат, 1998.118-б.

Оның үстіне кіші кеңес пен үлкен жиын (екеуі екі жерде) өткізілетін уақыттардың арасы тым жақын, ал бұл сиуңну сияқты мемлекеттің тәңірқұты  бар, оның отбасылары мен ағайын тумалары бар, уәзірлері, әскері, қызметшілері бар орда үшін тым аздық етер еді. Бұл жағдайда: а) біз сиуңнулар мен көктүрктердің бірінші, бесінші айлардағы той өткізу ғұрыптарының бірдей болғандығын; б) тағы бір «бесінші ай» мысалын көрер едік.

Алтыншы мысалдағы «тоғызыншы ай» дегеніміз – қазан айы.

«Түрктердің жерлеу ғұрпы туралы: «белгіленген күні өлген адамның тірісінде өзі мінген атын, тұтынған мүлкін оның денесімен бірге өртейді де, күлін жинап алып, жылдың бір мезгілінде жерге көмеді. Көктемде және жазда өлген адамды күзде, яғни ағаштар мен өсімдіктердің жапырағы сарғайғанда, ал күз бен қыста өлген адамды көктемде, гүлдер бүршік жара бастаған кезде жерлейді. Жерлеу кезінде өлген адамның туыстары дәл өлген күніндегідей құрбандық шалады, атпен шабады, беттерін жыртады...» . «Түрктерде: өлікті жерлеген күні... әйелдер де, еркектер де жасана киініп, бейіт басына жиналады, егер жігітке қыз ұнаса, ол қайтар жолда қыз үйіне құда түсуге адам жібереді. Мұндай жағдайда қыздың ата-анасының қарсы болуы өте сирек кездеседі...»11.

  Келтірілген деректерден көрінетіні:

  1. Арнайы ғұрыптардың көктемде (жаздың басында) және күзде болатындығы.
  2. Жерлеу рәсімі үйлену тойына ұласатын болғаны, яғни арнайы мсерекелік шаралардың өткізілу мүмкіндігі.

«Ұлыстың ұлы күні» - бүгінгі қазақта көктемгі наурыз мерекесімен байланыстырылады. Қарапайым этимология бойынша, тіркестегі «Ұлыс» сөзіне бүгінгі қазақ тіліндегі «ұлыс» - «ел, жұрт, аймақ» деген мағына беріледі де, жалпы сөз тіркесінің мағынасы « халықтың ұлы күні, үлкен мерекесі» деп көрсетіледі. Міне, «Ұлыс» (Үлек, Ыл) сөзінің ежелгі мағынасы ойлағандағыдан өзге мәнге, мифтік болмысқа ие екендігін көрсету барысында, осы «Ұлыстың ұлы күні» дегенді «Өлгендер анасы, яғни Ұлыс-ананың ұлы күні» деп түсіндіруге болады, бұл жердегі «Ұлыс (Ана)» есімі латыштық Велю мате, литвандық Walla-manes сөзіне сырттай да, мағыналай да сәйкес келеді.

  Қазақста қазіргікезеңде осы күнді наурыз мерекесімен байланыстыру тән болғандығымен, ескеруге тұрар мынадай жәйттер бар. Біріншіден, Ираннан келген «наурыз» мерекесі қазақтың арғы аталарының дәстүріне, ары кеткенде – бастапқы исламдану заманында, бері дегенде 14-15 ғасырларда ғана ене бастаған. Әрине, бүгінгіқазақ халқының қалыптасуына үлес қосқан 6-8 ғасырлардағы оңтүстік Қазақстанның этникалық субстраты осы мерекеден хабары болған да шығар, бірақ ол жалпылықты көрсете алмайды. Тіпті 14 ғасырдан бастап жаппай танымал болуының өзі күмәнді. Оны білсе қалалар мен оңтүстіктің отырықшы ортасымен жақын араласқан және мұсылман дінін ұстанған азшылық білген. Біздің шамалауымызша, қазақ халқының бүгінгі рухани-діни, мәдени-шежірелік, этнопсихологиялық-стереотиптік сипатының қалыптасуы 17 ғасырда, Оңтүстік Қазақстанда өткен, міне наурыз мерекесі нақ осы кезде ғана жаппай тарала бастаған. Сондықтан «наурыз мерекесін қазақ халқы 2000 жылы бойына тойлап келеді» дегенді ғылыми айғақ деп емес, жай ғана журналистік бос, бедеу анықтама деп түсінген жөн. Әрине, осындай тұжырым жасау барысында мынадай жәйттерді естен шығармаған жөн:

  Бірінші – «наурыз» сөзін білмей тұрған кезде де арғықазақтардың көктемгі күн мен түн теңесуі жөнінде білгендігі.

Екінші – қазақтар наурыз тойын атамай тұрған замандарда да, басқа бір мерзімге сәйкес келетін «Ұлыстың ұлы күні» сияқты тіркестің болғандығы.

  «Ұлыстың ұлы күні» дегендегі «Ұлыс» және «Ұлы» сөздерінің «өл» сөзіне байланысты екендігін ескеріп, осындай күннің бағзы қазақтарда да көктем (жаз), күз айларының бір күнінде атап өту дәстүрінің болу ықтималдығын айтуға болады. Алдында көрсетілген ежелгі көшпелілерге қатысты алты-жеті мысалда «бесінші» (сірә, мамыр-маусым), «тоғызыншы»

11Түріктер. Жыужәндар (құрастырған Қ.Салғараұлы). Алматы: Санат, 1999. 37-б.

(қыркүйек-қазан) айларында, сондай-ақ жыл басында өткізілетін құрбандық шалу «мерекесінің»

біреуі не екеуі «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, бұл күні өлген ата-бабаларға да, «Өлілер анасы – Ұлысқа немесе Үлекке (Үлгүге)» де құрбандық шалынған. Біздің бұл жерде «біреуі не екеуі» деп нақтылай алмауымыздың себебі «Үлгү» есімді аспан шырағының көктемгі Үркерлерге және күзгі басқа бір жұлдызға (планетаға) да сәйкес келе алатындығы. Алдында «Үлгү»  сөзінің Таразы (Весы-Либра) шоқжұлдызына да, басқа шоқжұлдыздарға да есім бола алатындығын айтып кеттік емес пе.

Әрине көктем-жаз мерекесі мен күз мерекесі ішінен таңдағанда, соңғысы – күзгі құрбандық шалып, ас беру шарасы – «Ұлыс ананың күніне» сай келетін сияқты. Бір жағынан латыш-литван мысалдарындағы «өлген анасының күнінің» қазан айында болатындығын, сиуңнулардың да, дунху-сиәнбійлердің де, хакастардың да, көктүрктердің де атаулы күндерінің біреуінің осы уақытқа сәйкес келетіндігін айттық қой.

Көктемгі (жазғы) «Ұлыс күні», біздің топшылауымызша, осыдан 4000 жылдай бұрын наурыз айына, күн мен түн теңесу уақытының Үркердің «жерге ауыл болып қону» уақытымен тұспа-тұс келуіне, сол күнгі Шолпан «жұлдызының» көрінуі уақытына сәйкес болған. Уақыт өте шоқжұлдыздардың ығысуына байланысты Үркерлердің «бату» уақыты әуелі көкек, одан кейін мамыр айларына ауысқан. Сөйтіп, бастапқы рәсімнің датасы екіге ажырап, жыл басында бір шара, бесінші айда – екінші шара өткізілетін болған.

Ал күзгі «Ұлыс күні» бастапқыда қыркүйектегі күн мен түн теңесу уақытына және күзгі «елеулі жұлдыздардың» (Қарақұш,Қамбар,т.б.) көріну уақытына сәйкес келсе, бірте-бірте қыркүйек-қараша айларына ығысып кетуі мүмкін. Қалай болғанда да бұл жерде жаппай салыстыру, ұштастыру арқылы нақтылай түсуге мүмкіндік бар. Тек әзірге қажетті астрономиялық (жұлдыздар мен планеталардың көріну-көрінбеуіне байланысты түсінігіне де, «Ұлыс» есімді мифтік бейнеге де қатысты алғашқы танып-білудің нобайын көрсетіп бердік деп есептейміз.

Осылайша, бастаулары екі жақта жатқан «Наурыз» және «ұлыстың ұлы күні» түсініктері дами келе, бір арнаға түсіп, бүгінгі қазақтың «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» деген астасқан ұғымға айналып кетті.

Серікбол Қондыбай, 15-ші том «Таңдамалы мақалалалар» Алматы-2010

«Алтын Орда» газеті.(2004ж.)

 

Жарияланған күні: 20 сәуір 2018Оқылған саны: 398




12 маусым 2018

"Серікбол Қондыбай мұралары:әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас" атты халықаралық ғылыми теориялық конференция өтті

23 мамыр 2018

"Руxани қазына-2018" республикалық байқауы

19 мамыр 2018

"Музей түні" үшінші жыл өткізілді

20 сәуір 2018

Ұлыстың ұлы күні» қай күн?

20 сәуір 2018

Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде

10 сәуір 2018

«Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» конференция

5 сәуір 2018

«С.Қондыбайдың шығармаларындағы киелі сандар туралы» атты дөңгелек үстел өтті

20 наурыз 2018

«Ұлы дала рухының жаршысы» атты Ақтау қаласында шара өтті

20 наурыз 2018

«Маңғыстау Серікбол көзімен » атты интелектуалды сайыс өтті

16 наурыз 2018

«Амалмен келген 50 жас» атты квест ойыны өтті

16 наурыз 2018

«Санамызды жаңғыртқан Серікбол» атты шара өтті

12 наурыз 2018

«Санамызды жаңғыртқан Серікбол» атты мәдени кеші

7 наурыз 2018

«Көктем аруы» атты сайысы

6 наурыз 2018

«Серікбол әлемі» атты конференциясы болып өтті

6 наурыз 2018

«Аяулы анашым» атты мерекелік шара болып өтті

1 наурыз 2018

«Алғыс айту міндет» атты шара өтті

28 ақпан 2018

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының ұйымдастыруымен өткізілген шара

20 ақпан 2018

«Туған өлке ғажайыптары» атты шара өткізілді

14 ақпан 2018

«Біз музейдің достарымыз» атты танымдық шара болып өтті

30 қаңтар 2018

«Маңғыстау құдықшылары» атты тәрбие сағаты

23 қаңтар 2018

Хабарландыру!

12 қаңтар 2018

«Үміт шырғалаңы» қоғамдық қорымен біріккен қайырымдылық шарасы өтті

1 қаңтар 2018

Жаңа жыл құтты болсын!

16 желтоқсан 2017

"Тәуелсіздік күні" мерекесіне орай музей тағы да жаңалықтарымен бөліскелі отыр.